ӨСІМДІКТЕР КАРАНТИНІ САЛАСЫ БОЙЫНША КӨРСЕТІЛЕТІН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР


Өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік реттеу

Өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік реттеуді Қазақстан Республикасының Үкіметі, аумақтық бөлімшелері, оның ішінде фитосанитариялық бақылау бекеттері бар ведомствосымен қоса алғанда уәкілетті орган жүзеге асырады. Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.  Өсімдіктер карантинін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесі

Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантинін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесіне:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;
2) уәкілетті орган;
3) өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік мекемелер:
уәкілетті ұйым; республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы;
4) фитосанитариялық зертханалары және фумигациялық отрядтары бар өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету жөніндегі республикалық мемлекеттік кәсіпорын;
5) автомобиль өткізу пункттеріндегі уәкілетті орган кіреді.

Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 10.11.2014 № 249-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік тоқсан күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.07.2015 № 330-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен өсімдіктер карантині саласындағы өзара қарым-қатынасын дамытуды қамтамасыз етеді;
2) өсімдік карантинін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік мекемелер мен республикалық мемлекеттік кәсіпорын құрады;
3) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.


Ескерту. 6-1-баппен толықтырылды - ҚР 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен; жаңа редакцияда - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

Уәкiлеттi органның құзыретi

Уәкiлетті орган:
1) өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекеттiк саясатты қалыптастырады және iске асырады;
2) мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
3) жергілікті атқарушы органдардың өсімдіктер карантині саласындағы қызметін үйлестіруді және оған әдістемелік басшылық жасауды жүзеге асырады;
4) карантиндi объектiлермен залалданған, зарарсыздандыруға немесе қайта өңдеуге келмейтін карантинге жатқызылған өнiмдi алып қою және жою жөніндегі қағидаларды әзірлейдi және бекітеді;
5) әкелінетін карантинге жатқызылған өнімге қойылатын фитосанитариялық талаптарды әзірлейді және бекітеді;
6) карантинге жатқызылған өнімнің тізбесін әзірлейді және бекітеді;
7) Қазақстан Республикасының аумағын карантинді объектілерден және бөтен текті түрлерден қорғау жөніндегі қағидаларды әзірлейді және бекітеді;
8) өздеріне қатысты өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар белгіленетін және жүзеге асырылатын карантинді объектілер мен бөтен текті түрлердің тізбесін әзірлейді және бекітеді;
9) екі немесе одан көп облыс аумағында карантиндік режим енгізе отырып, карантинді аймақты белгілеу немесе оның күшін жою туралы шешім қабылдайды, сондай-ақ осы аймақтарда өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды жүргізу тәртібін әзірлейді және бекітеді әрі олардың жүргізілуін бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
10) өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін пестицидтердің (улы химикаттардың) қорын құру және сақтау тәртібін әзірлейді және бекітеді;
11) барлық бақылау және қадағалау объектілеріне кедергісіз баруды, Қазақстан Республикасының өсімдік карантині саласындағы заңнамасын анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі орындау үшін міндетті нұсқамалар беруді қоса алғанда, жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының өсімдік карантині саласындағы заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
12) өздеріне қатысты өсiмдiктер карантинi жөнiндегi iс-шаралар белгiленетін және жүзеге асырылатын карантиндi объектiлер тiзбесiн айқындайды;
13) Қазақстан Республикасында және басқа да мемлекеттерде карантиндi объектiлердiң болуы мен таралуы, оларға қарсы күрес жөнiндегi шаралар мен iс-шаралар туралы дерекқор құрады, ақпаратты ресми интернет-ресурста орналастырады және сұрау салу бойынша оны мүдделi адамдарға бередi;
14) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар туралы ереженi әзірлейді және бекiтедi;
15) өсімдіктер карантині жөніндегі iс-шараларды жүзеге асырудың тәртiбi мен тәсiлдерiн регламенттейтiн әдiстердi, әдiстемелердi, ұсынымдарды бекітеді;
16) ғылыми-зерттеу ұйымдарымен бiрлесiп, халықаралық нормалардың талаптары мен ұсынымдарды ескере отырып, фитосанитариялық тәуекелдi бағалаудың ғылыми қағидаттары негiзiнде карантиндiк шараларды әзiрлейдi және жеке және заңды тұлғалардың оларды орындауын тұрақты бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
17) Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi бас мемлекеттiк инспектор және өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар лауазымдарына орналасуға бiлiктiлiк талаптарын белгiлейдi;
18) өз құзыреті шегінде өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды жүргізуді ұйымдастырады және олардың жүргізілуін бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
19) карантинге жатқызылған өнiмдер транзитiнiң шарттарын айқындайды;
20) өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін пестицидтерді (улы химикаттарды), оларды сақтау, тасымалдау, қолдану жөніндегі жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады;
21) өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен пестицидтердiң (улы химикаттардың) қорын құрады;
22) өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін бюджет қаражаты есебінен сатып алынған пестицидтерді (улы химикаттарды) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша бөледі;
23) фитосанитариялық бақылау бекеттерінде әкелінетін, әкетілетін және транзиттік карантинге жатқызылған өнімге, көлік құралдарына және тасымалдауға арналған бейімдемелерге (оның ішінде көлік құралдарының кабиналарына, салондарына, багаж және жүк бөлімшелеріне, контейнерлерге), жеке тұлғалардың қол жүгі мен багажына бастапқы карантиндік фитосанитариялық бақылауды және қадағалауды, қажет болған кезде үлгілерді іріктей отырып, оған зертханалық сараптама жүргізеді, карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау актісін жасайды, ілеспе тауар-көлік құжаттарына мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылаудан және қадағалаудан өткені туралы белгіленген үлгідегі тиісті мөртабан басады;
24) карантинге жатқызылған өнімнің межелі пунктінде көлік құралдарын және тасымалдауға арналған бейімдемелерді (оның ішінде көлік құралдарының кабиналарын, салондарын, багаж және жүк бөлімшелерін, контейнерлерді), жеке тұлғалардың қол жүгі мен багажын қайталама карантиндік фитосанитариялық бақылауды және қадағалауды, үлгілерді іріктеуді, қажет болған кезде аумақтың фитосанитариялық сипаттамасын және оның шыққан жерін, межелі пунктін, сондай-ақ карантинді объектілерден бос жатқан немесе олар аз таралған аймақтарды есепке ала отырып, зертханалық сараптама жүргізеді, карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау актісін жасайды, ілеспе тауар-көлік құжаттарына мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылаудан және қадағалаудан өткені туралы белгіленген үлгідегі тиісті мөртабан басады;
25) әкетiлетiн карантинге жатқызылған өнiмдi тиеп-жөнелту орындарында тұрақты карантиндiк жете тексерудi, қажет болғанда – үлгiлерiн алу арқылы зертханалық сараптамасын және фитосанитариялық сертификаттауды жүргiзедi;
26) фитосанитариялық бақылау бекеттерінде әкелінетін, әкетілетін және транзиттік карантинге жатқызылған өнімге құжаттамалық мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау жүргізеді;
27) Қазақстан Республикасының ішкі сауда объектілерінде және ұйымдарында карантинге жатқызылған өнiмдi тұрақты жете тексерудi, қажет болғанда үлгiлерiн алу арқылы оның зертханалық сараптамасын жүргізеді және карантиндік құжаттарды қарайды;
28) өсімдіктен алынатын өнiмдi өсiретiн, дайындайтын, қоймаға жинайтын, қайта өңдейтiн және өткiзетiн ұйымдардың, ішкі сауда объектілерінің, шаруа немесе фермер, үй жанындағы және саяжай қожалықтарының аумағы мен үй-жайларына, ауыл шаруашылығына, орманға, суға және басқа да мақсатқа арналған жерлерге тұрақты ішінара бақылау зерттеп-қарауды жүргiзедi;
29) мынадай:
Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасын анықталған бұзушылықтарды жою туралы;
өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды орындау туралы нұсқама береді және оның орындалуын бақылайды;
30) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен және негіздерде дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың қызметіне тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы сотқа талап арыз жібереді;
31) уәкілетті ұйымда импорттық себу материалдары мен отырғызылатын материалдардың карантиндi объектiлермен және бөтен тектi түрлермен жасырын залалданған-залалданбағанын зерттеу жөнiндегi iс-шараларды ұйымдастырады және бақылайды;
32) карантинге жатқызылған өнiмге фитосанитариялық және карантиндiк сертификаттар бередi;
33) халықаралық нормалар мен талаптардың өсiмдiктер карантинi саласында жасалған келiсiмдерге сәйкес орындалуын қамтамасыз етедi;
34) өсімдіктер карантині саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
35) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
36) өз құзыреті шегінде өсімдіктер карантині саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
37) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Ведомствоның басшысы Қазақстан Республикасының Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы, ал оның орынбасары - Қазақстан Республикасының Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторының орынбасары болып табылады. Ведомствоның облыстық, (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумақтық бөлімшелерінің басшылары тиiстi облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлары болып табылады. Ведомствоның және оның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылауды және қадағалауды тікелей жүзеге асыратын өзге де лауазымды адамдары өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар болып табылады.

Уәкiлеттi орган өз қызметiн шекаралық, кедендiк, құқық қорғау және басқа да мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимылда жүзеге асырады. Уәкiлеттi органның өз өкiлеттiктерi шегiнде қабылдаған шешiмi лауазымды тұлғалардың, жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi болып табылады. Мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары уәкiлеттi органның өзiне жүктелген мiндеттердi шешуiне жәрдемдесуге мiндеттi.

Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптанқараңыз), 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптанқараңыз), 2010.03.19 № 258-IV, 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10  N 36-V(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 10.11.2014 № 249-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік тоқсан күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 16.07.2015 № 330-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

Өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік мекемелердің функциялары

Уәкілетті ұйым:
1) зертханалық сараптамаға келіп түсетін үлгілердегі өсімдіктер зиянкестерінің, өсімдік ауруларын қоздырғыштардың және арамшөптердің, оның ішінде карантинді объектілер мен бөтен текті түрлердің түрлік құрамын айқындайды;
2) импорттық себу материалдары мен отырғызылатын материалдардағы өсімдіктер зиянкестерімен, өсімдік ауруларын қоздырғыштармен және арамшөптермен, оның ішінде карантинді объектілермен және бөтен текті түрлермен жасырын залалдануды анықтайды;
3) тұрақты негізде фитосанитариялық тәуекелді талдауды жүзеге асырады;
4) зертханалық сараптамаға келіп түсетін үлгілердегі анықталған карантиндi объектiлер мен бөтен текті түрлер туралы ақпаратты уәкілетті органға ұсынады;
5) әкелінетін карантинге жатқызылған өнiмге қойылатын фитосанитариялық талаптарды әзірлеуде уәкілетті органға әдістемелік көмек көрсетеді;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы карантинді объектілердің таралу ошақтарын анықтайды және олардың таралу шекараларын айқындайды. Ескерту. 7-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 16.07.2015 № 330-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

Өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекеттiк монополия


Карантиндi объектiлердiң таралу ошақтарын оқшаулау және жою мемлекеттік монополияға жатады және оны өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету жөніндегі республикалық мемлекеттік кәсіпорын жүзеге асырады. Карантинге жатқызылған өнімге фитосанитариялық сараптаманы жүзеге асыру жөніндегі қызмет карантиндi объектiлердiң таралу ошақтарын оқшаулау және жою жөніндегі қызметпен технологиялық байланысты болып табылады. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын монополияға қарсы органмен келісу бойынша уәкілетті орган белгілейді. Ескерту. 7-2-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

Автомобиль өткізу пункттеріндегі уәкілетті органның құзыреті


Автомобиль өткізу пункттеріндегі уәкілетті орган:
1) Кеден одағының кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде көлік құралдарында және тасымалдауға арналған бейімдемелерде (оның ішінде көлік құралдарының кабиналарында, салондарында, багаж және жүк бөлімшелерінде, контейнерлерде), жеке тұлғалардың қол жүгі мен багажында өткізілетін әкелінетін, әкетілетін және транзиттік карантинге жатқызылған өнімге мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылауды жүргізеді, карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау актісін жасайды, ілеспе тауар-көлік құжаттарына мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылаудан және қадағалаудан өткені туралы белгіленген үлгідегі тиісті мөртабан басады;
2) Кеден одағының кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде әкелінетін, әкетілетін және транзиттік карантинге жатқызылған өнімге құжаттамалық мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылауды, сондай-ақ қарап-тексеруді және (немесе) жете тексеруді жүргізеді;
3) Кеден одағының кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде:
Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасын анықталған бұзушылықтарды жою туралы;
өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды орындау туралы нұсқама береді және оның орындалуын бақылайды;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Автомобиль өткізу пункттеріндегі уәкілетті орган өз қызметін уәкілетті органмен, шекара және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылда жүзеге асырады. Ескерту. 2-тарау 7-3-баппен толықтырылды - ҚР 10.11.2014 № 249-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік тоқсан күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың құқықтары

Мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру кезінде өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың:
1) карантинге жатқызылған өнім мен мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау объектілерін қарап-тексеру, жете тексеру, фитосанитариялық сараптама жүргізу және қажет болған кезде залалсыздандыру, жою кезеңінде, сондай-ақ оларды фитосанитариялық не карантиндік сертификатсыз тасымалдау кезінде немесе фитосанитариялық талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кідіртуге;
1-1) басқа мемлекеттерден әкелінетін, өзінің фитосанитариялық жай-күйі туралы мәліметтер зерттелмеген карантинге жатқызылған, сондай-ақ, тиiстi халықаралық ұйымдардан алынған ақпаратты және басқа  мемлекеттер қабылдап жатқан фитосанитарлық шаралар туралы ақпаратты қоса алғанда, қолда бар ақпарат негiзiнде ғылыми негiздеме жеткiлiксiз болған жағдайда өнімге қатысты уақытша карантиндік шаралар қолдануға (енгізуге);
2) мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне баруға және оларда Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының сақталуы тұрғысынан зерттеп-қарауды жүргізуге, өз өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қажетті ақпарат алуға;
3) зертханалық сараптама жүргізу үшін карантинге жатқызылған өнім үлгілерін іріктеп алуға;
4) жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарың лауазымды адамдарына карантинді объектілердің таралу ошақтарында және көлікте өсімдіктер карантині жөніндегі қажетті іс-шаралар жүргізу туралы нұсқамалар шығаруға;
5) Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасының бұзылуына жол берген лауазымды адамдарды, жеке және заңды тұлғаларды әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартуға;
6) Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 48-бабында көзделген жағдайларда, сотқа әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша материалдарды үш тәулік ішінде міндетті түрде бере отырып, қызметті немесе оның жекелеген түрлерін тоқтата тұруға немесе оған тыйым салуға құқығы бар. Бұл ретте, қызметке тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы акт сот шешімі шығарылғанға дейін қолданыста болады.


Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.11.29 N 488, 2002.02.18 N 293, 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 05.07.2014 № 236-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 10.11.2014 № 249-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік тоқсан күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Карантиндік объектілердің таралу ошақтарын оқшаулау мен жоюға арналған пестицидтер (улы химикаттар) қоры

Карантиндік объектілердің таралу ошақтарын оқшаулау мен жоюға арналған пестицидтер (улы химикаттар) қоры дегеніміз пестицидтердің (улы химикаттардың) ұдайы жаңартылып отыратын белгілі бір көлемі және ол уәкілетті органның қарауындағы (билігіндегі) мемлекеттік меншік болып табылады.

Пестицидтер (улы химикаттар) қоры карантиндік объектілердің анықталған таралу ошақтарын оқшаулауға және жоюға арналады және бюджет қаражаты есебiнен сатып алынатын пестицидтер (улы химикаттар) көлемiнен қалыптастырылады. Алынып тасталды. Ескерту. 8-1-баппен толықтырылды - ҚР 2003.07.03 N 463, өзгерту енгізілді - 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

Қызметі карантинге жатқызылған өнімдермен байланысты тұлғалардың міндеттері

Қызметi карантинге жатқызылған өнiмдi өндiруге, дайындауға, өңдеуге, сақтауға, тасымалдау мен өткiзуге байланысты мемлекеттiк органдар, жеке және заңды тұлғалар: 
1) Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасының талаптарын және уәкілетті органның өсімдіктер карантині жөніндегі тиісті іс-шараларды жүргізу туралы нұсқамаларын сақтауға және орындауға;  
2) Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың талап етуi бойынша карантинге жатқызылған өнiм мен карантиндi объектiлердiң бар екендiгi туралы мәлiметтердi табыс етуге;  
3) егiстiктi, аумақты, карантинге жатқызылған өнiм сақталатын қоймаларды жүйелi тексерiп отыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ карантинге жатқызылған қолда бар өнiмдi тексеру және сараптамадан өткiзу үшiн ұсынуға;  
4) карантиндi объектiлер анықталған жағдайда уәкілетті органды дереу хабардар етуге мiндеттi.


Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.17  N 189-IV(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының құзыреті

Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары:
1) карантинді объектілердің таралуының есебін жүргізеді және уәкілетті орган мен мүдделі тұлғаларға ақпарат береді;
1-1) өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау объектілерінде осы объектілердің иелері – жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік басқару органдарының өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды жүргізуін ұйымдастырады;
3) уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша тиiстi аумақтарда карантиндiк режимдi енгiзе отырып, карантиндi аймақты белгiлеу немесе оның күшiн жою туралы шешiм қабылдайды;
4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Ескерту. 9-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.01.10 N 116 (01.01.2006 бастап қолданысқа енгiзiледi), өзгерістер енгізілді - 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.17 N 189-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (12.02.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау

Ескерту. 9-2-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 10.11.2014 № 249-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік тоқсан күн өткен соң қолданысқа енгізіледі). Мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады. Тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады. Ескерту. 9-2-баппен толықтырылды - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.11.2014 № 249-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік тоқсан күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.