Мемлекеттік қызметшілердің жауаптылығы

Мемлекеттік қызметшілер өздерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық-құқықтық, тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық жауаптылықта болады
Мемлекеттік қызметші атқару үшін алынған өкімнің құқыққа сыйымды екеніне күмәнданған кезде ол жөнінде өзінің тікелей басшысына және өкімді берген басшыға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиіс. Лауазымы бойынша жоғары тұрған басшы осы өкімді жазбаша түрде растаған жағдайда, егер оны орындау қылмыстық жазалануға тиіс әрекеттерге әкеп соқпайтын болса, мемлекеттік қызметші оны орындауға міндетті. Мемлекеттік қызметшінің құқыққа сыйымсыз өкімді орындауының салдарлары үшін осы өкімді растаған басшы жауапты болады. Лауазымды адамдардың лауазымдық өкілеттіктерді атқаруға қатысы жоқ және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға бағытталған бұйрықтар мен нұсқаулар беруіне тыйым салынады. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік орган өздеріне қатысты қабылдаған шешімдер мен әрекеттерге жоғары тұрған лауазымды адамдарға, уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне немесе сотқа шағым жасауға құқығы бар.

Тәртіптік теріс қылықтар және жазалар

Мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылығы (бұдан әрі – теріс қылық) – мемлекеттік қызметшінің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы түрде, кінәлі түрде орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіп пен қызметтік әдепті бұзуы, сол сияқты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтамауы. Терiс себептермен қызметтен шығаруға әкеп соғатын тәртiптiк терiс қылық жасаған адамдарды өз еркiмен қызметтен шығару, адамдарды мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға құқыққа сыйымсыз тағайындау және (немесе) мемлекеттік әкімшілік лауазымдардан адамдарды құқыққа сыйымсыз босату, мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге тәртіптік жазаларды құқыққа сыйымсыз қолдану, тест тапсырмаларының және өзге де конкурстық сұрақтардың мазмұнын жария ету, мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды қасақана қабылдамау да тәртіптік теріс қылық деп танылады.

Тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметшілерге мынадай жаза түрлері қолданылады:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту немесе мемлекеттік лауазымын төмендету;
5) атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару.
Қазақстан Республикасының заңдарында өзге де жаза түрлері белгіленуі мүмкін.

Мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза кез келген төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болған және мемлекеттік қызметші осы мемлекеттік лауазымға белгіленген біліктілік талаптарына сай келген кезде қолданылады. Мемлекеттік лауазымын төмендету конкурстық рәсімдер өткізілмей жүзеге асырылады. Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жазаны қолдану мүмкін болмаған кезде қолданылады. Атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару түріндегі тәртіптік жаза осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша қолданылады. Мемлекеттік қызметшінің осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 1), 6), 7), 8), 10), 11), 12) және 15) тармақшаларында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, мемлекеттік лауазымын төмендетуге, ал төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болмаған жағдайда – қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаны заңда белгіленген тәртіппен қолдануға әкеп соғады. Бірінші тәртіптік теріс қылығы үшін тәртіптік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде көрсетілген тәртіптік теріс қылықтардың кез келгенін қайталап жасау атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға әкеп соғады. Мемлекеттік қызметшінің осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаны заңда белгіленген тәртіппен қолдануға не қызметтен шығаруға әкеп соғады. Бірінші тәртіптік теріс қылығы үшін тәртіптік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде көрсетілген тәртіптік теріс қылықтардың кез келгенін қайталап жасау атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға әкеп соғады. Мемлекеттік қызметшінің осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 9), 13), 14), 16), 17), 18) және 19) тармақшаларында және 2-тармағында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға әкеп соғады.

Тәртіптік жазаны:
1) лауазымдық өкiлеттiктерiне сәйкес осындай құқығы бар лауазымды адамдар (орган) қолданады;
2) бірінші тәртіптік жазаны қолдану заңды болған және тәртіптік жаза теріс қылықтың ауырлығына сай келген жағдайда нақ сол терiс қылық үшiн қайталап қолдануға болмайды;
3) тәртіптік жаза Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен қолданылады.

Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін бірыңғай тәртіптік комиссияны құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың бірыңғай тәртіптік комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындау құқығы бар лауазымды адамның (органның) шешімі бойынша құрылады. Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде бірыңғай тәртіптік комиссияны құруға жол беріледі. Аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелердің бірыңғай тәртіптік комиссиясы орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының немесе жоғары тұрған органның шешімі бойынша құрылады. Тәртіптік жазаны қолдану тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.


Тәртіптік жазаларды қолдану мерзімдері

Тәртіптік жаза теріс қылық анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады және оны теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешіктіріп қолдануға болмайды. Белгiлi бiр іс-әрекеттiң бiрыңғай құрамының үздiксiз жүзеге асырылуымен сипатталатын және оны анықтаған кезде аяқталмаған құқық бұзушылық созылмалы құқық бұзушылық деп танылады. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін осы Заңда көзделген тәртіптік жаза терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және оны терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолдануға болмайды. Қылмыстық қудалау органы немесе сот қылмыстық істі не әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтатқан, бірақ адамның іс-әрекеттерінде осы Заңда көзделген, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасау белгілері болған жағдайда тәртіптік жаза қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей, бірақ осы теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктірілмей қолданылады. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын бұзғаны үшін тәртіптік жаза терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және оны терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолдануға болмайды. Тәртіптік жауаптылыққа тартудың көрсетілген мерзімдеріне қылмыстық іс бойынша іс жүргізу немесе әкімшілік іс жүргізу уақыты кірмейді.


Жазаны:
1) мемлекеттiк қызметшiнiң еңбекке уақытша жарамсыздығы;
2) мемлекеттік қызметшінің демалыста немесе iссапарда болуы;
3) мемлекеттік қызметшінің мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттердi орындау уақытында өзінің лауазымдық міндеттерін орындаудан босатылуы;
4) мемлекеттік қызметшінің даярлауда, қайта даярлауда, біліктілігін арттыру курстарында және тағылымдамада болуы;
5) мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылық жасағаны туралы мемлекеттік органдардың актілеріне оның сот тәртібімен шағым жасауы кезеңінде қолдануға болмайды.

Тәртіптік жазаны қолдану мерзімінің өтуі осы баптың 3-тармағында көрсетілген жағдайларда, сондай-ақ қылмыстық іс тоқтатылғанға не сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.

Мемлекеттiк қызметшiлерді тәртiптiк жауаптылыққа тарту кезiнде олардың құқықтарына берілетін кепiлдiктер

Мемлекеттік қызметші өзін тәртіптік жауаптылыққа тартуға байланысты барлық материалдармен таныстырылуға тиіс, оған қызметтік тергеп-тексеру рәсіміне жеке өзінің қатысу құқығы беріледі. Жауаптылыққа тартылушы мемлекеттiк қызметшiлер жоғары тұрған басшылықтың алдында, уәкiлеттi органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне не сотқа мемлекеттiк органның немесе лауазымды адамның әрекеттерi мен шешiмдерiне қатысты шағым жасай алады.

Мемлекеттік қызметшілердің нұқсан келтіргені үшін материалдық жауаптылығы

Мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік органға келтірілген нұқсан үшін материалдық жауаптылығы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және мөлшерлерде туындайды. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік органға келтірілген тікелей нақты нұқсанды өтеуге міндетті. Егер нұқсан еңсерілмейтін күш не аса қажеттілік, қажетті қорғаныс, сондай-ақ мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшіге берілген мүліктің сақталуы үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамауы салдарынан орын алған болса, мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік органға келтірілген нұқсан үшін материалдық жауаптылығы туындамайды.

Мемлекеттік қызметшіні лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттету

Мемлекеттік қызметші:
1) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттетілуі мүмкін;
2) мемлекеттік қызметшіні қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген жағдайда мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан шығару құқығы бар лауазымды адам (орган) жауаптылық туралы мәселе шешілгенге дейін, бірақ жалақысы сақтала отырып, бір айдан аспайтын мерзімге лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттетуі мүмкін.

Мемлекеттік қызметшіні лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттету жөнінде лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес осындай құқығы бар лауазымды адамның (органның) немесе өзіне осындай өкілеттіктер берілген өзге де лауазымды адамның (органның) актісі шығарылады.