Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу

Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу қызметтiк мiндеттерiн мүлтіксiз және тиянақты атқаруы үшiн жеткiлiктi материалдық жағдайды қамтамасыз етуге, мемлекеттiк органдардың бiлiктi және тәжiрибелi кадрлармен жасақталуына ықпалын тигізуге, олардың адал және бастамашыл еңбегiн ынталандыруға тиiс. Мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу мемлекеттік қызметшілер орындайтын жұмыстың сипатына, көлеміне және нәтижелеріне байланысты сараланып белгіленеді. Мемлекеттiк қызметшiлердің еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызметшілерге бонустар төлеу, материалдық көмек көрсету, сондай-ақ «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды. Мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражаты есебiнен жүргізіледі. Мемлекеттiк әкімшілік қызметшiлердiң жалақысы мен оларға төленетiн басқа да төлемдер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен индекстелуге тиіс.

Мемлекеттiк қызметшiлердiң демалысы

Мемлекеттiк қызметшiлерге екi лауазымдық айлықақысы мөлшерiнде сауықтыру жәрдемақысы төленiп, ұзақтығы күнтiзбелiк отыз күнді құрайтын жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысы берiледi. Мемлекеттік қызметшілерге алғашқы және одан кейінгі жылдардағы жұмысы үшін жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі. Жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу оның басталуына күнтізбелік үш күн қалғаннан кешіктірілмей, ал еңбек демалысы графиктен тыс берілген жағдайда – берілген күнінен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей жүргізіледі. Мемлекеттiк қызметшiлердiң қалауы бойынша жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалыстары оларға бөлiп-бөлiп берiлуi мүмкiн. Бұл ретте жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысының бір бөлігі демалыс ұзақтығының күнтізбелік екі аптасынан кем болмауға тиіс. Мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен, оның ішінде олар жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқыған жағдайда жалақысы сақталмайтын демалыс берілуі мүмкін. Мемлекеттiк орган басшысының не жауапты хатшының, аппарат басшысының немесе Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын өзге де лауазымды адамның шешiмi бойынша мемлекеттiк қызметшiлер өздерінің келісімімен жыл сайынғы немесе қосымша демалыстан шақыртылуы мүмкiн. Пайдаланылмаған демалыстың қалған бөлігі мемлекеттік қызметшілерге тиісті жылдың кез келген басқа уақытында беріледі не келесі жылғы демалысына қосылады.


Мемлекеттiк қызметшiлердi зейнетақымен және 
әлеуметтiк қамсыздандыру

Мемлекеттiк қызметшiлердi зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңдарына және өзге де нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

Мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау шаралары


Мемлекеттiк қызметшiлер «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгiленген тәртiп бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етіледi. Тұрғынжай жағдайларын жақсартуға мұқтаж мемлекеттiк қызметшiлерге жеке тұрғынжай құрылысы үшiн жер учаскелерi берiледi. Жер учаскелерiн берудің шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады. Мемлекеттiк қызметшiлер және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi медициналық қызмет көрсетуді тиiстi мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiнде белгiленген тәртiппен пайдаланады. Мемлекеттік орган таратылған (жойылған) жағдайда мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі болған кезде функцияларын, өкілеттіктерін және (немесе) штат бірліктерін беретін мемлекеттік органның қаражаты есебінен төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді не осы тармақта көрсетілген жағдайларда мемлекеттік лауазым ұсынылады. Мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған кезде жаңадан құрылған мемлекеттік органның басшылығы қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне олардың біліктілігіне сәйкес мемлекеттік лауазым ұсынады. Басқа мемлекеттік органның, оның ішінде жойылған (таратылған) немесе қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функциялары, өкілеттіктері және (немесе) штат бірліктері берілген мемлекеттік орган осы берілген функцияларды, өкілеттіктерді атқарған және (немесе) осы штат бірліктерінде тұрған мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге олардың біліктілігіне сәйкес мемлекеттік лауазым ұсынады. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда жұмыстан шығарылуға тиіс. Кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге басқа мемлекеттік органның, оның ішінде жойылған (таратылған) немесе қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функциялары, өкілеттіктері және (немесе) штат бірліктері берілген мемлекеттік орган төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлейді. Мемлекеттік органның штат саны қысқартылған кезде қысқартылатын мемлекеттік лауазымды атқарып отырған мемлекеттік қызметшіге кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі болған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді. Мемлекеттiк қызметшi қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелерiне мемлекеттiк органдағы соңғы қызмет орны бойынша үш орташа айлық жалақысы мөлшерiнде бiржолғы жәрдемақы төленеді, бұл ретте жәрдемақының мөлшері «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленгеннен төмен болмауы керек.


Мемлекеттік қызметшілердің іссапарлар кезіндегі 
кепілдіктері мен өтемақылары

Мемлекеттiк қызметшілерге Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен қызметтiк iссапарларға, оның iшiнде шет мемлекеттерге iссапарға баруға арналған шығыстары өтеледi. Мемлекеттiк қызметшілерге iссапарда болған уақытына тәулікақы алуға, межелі жерге жету және кері қайту үшін жүріп-тұру шығыстарына, тұрғын үй-жай жалдау шығыстарына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кепiлдiктер мен құқық беріледі. Іссапардың барлық уақыты бойында іссапарға жiберiлген мемлекеттiк қызметшілердiң жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) мен орташа жалақысы сақталады.


Дипломатиялық қызмет персоналының кепілдіктері мен 
өтемақылары

Дипломатиялық қызмет персоналының кепілдіктері мен өтемақылары Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi жұмысының құқықтық негіздерін, сондай-ақ оны ұйымдастыру тәртібiн айқындайтын заңда белгіленеді.