Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік сатып алу саласындағы құзыреті

Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) мемлекеттік сатып алу саласында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және оларды жүзеге асыруды ұйымдастырады;
2) өзіне Конституциямен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

Уәкілетті органның құзыреті

Уәкілетті орган:
1) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекітеді;
2) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген, тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және оларды берушілердің мемлекеттік сатып алу веб-порталымен интеграцияланған дерекқорына енгізілген отандық тауар өндірушілерден сатып алу туралы ақпаратты ескере отырып, есептілікті жинау, қорыту және талдау қағидаларын бекітеді;
3) мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану қағидаларын бекітеді;
4) мемлекеттік сатып алу веб-порталы жұмысында техникалық іркілістер туындаған жағдайда мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмыс істеу қағидаларын бекітеді;
5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды, оның ішінде камералдық бақылауды жүзеге асырады, қажет болған кезде мемлекеттік сатып алуға қатысушылар ұсынған есептік деректердің, материалдар мен ақпараттың анықтығын тексереді;
6) мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасқанға дейін, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, тапсырыс берушілер мен конкурстық комиссиялардың (аукциондық комиссиялардың) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұза отырып қабылдаған шешімдерінің күшін жою туралы шешім қабылдайды;
7) уәкілетті органмен келісу бойынша тиісті саладағы уәкілетті органдар әзірлейтін және бекітетін үлгілік конкурстық құжаттамаларға (аукциондық құжаттамаларға) сәйкес мемлекеттік сатып алу жүзеге асырылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер түрлерінің тізбесін айқындайды;
8) мемлекеттік сатып алу саласында өз қызметін жүзеге асыратын жұмыскерлерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларын бекітеді;
9) мемлекеттік сатып алу саласындағы тізілімдерді қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекітеді;
10) мемлекеттік сатып алуға қатысушылардан мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес қажетті ақпарат пен материалдарды сұратады;
11) сараптамалар мен консультациялар жүргізу үшін мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың мамандарын тартады;
12) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың өкілеттіктері

Мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор:
1) мемлекеттік сатып алу веб-порталын дамытуды, қолдауды және жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады;
2) мемлекеттік сатып алу веб-порталын дамыту бойынша жобаларды басқаруды жүзеге асырады;
3) мемлекеттік сатып алу субъектілеріне мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану бойынша өтеусіз негізде қызметтер көрсетеді;
4) мемлекеттік сатып алу жүйесінің субъектілеріне мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмыс істеуі мәселелері бойынша өтеусіз негізде консультациялық көмек көрсетеді;
5) мемлекеттік сатып алу веб-порталына орналастырылған мемлекеттік сатып алу жүйесі субъектілерінің электрондық ақпараттық ресурстарын сақтаудың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
6) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес мемлекеттік сатып алу веб-порталын ақпараттық толықтыруды жүзеге асырады;
7) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін, мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды интеграциялау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша уәкілетті субъектілермен өзара іс-қимыл жасайды;
8) анықтамалықты енгізе отырып, тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағалардың дерекқорын енгізуді және оны қолдауды жүзеге асырады.