Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру

Біртекті болып табылмайтын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді конкурстық құжаттамада лоттарға міндетті түрде бөле отырып, көрсетілген тәсілмен бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруға және өткізуге құқылы. Біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, конкурстық құжаттамада біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті.

Тауарды беретін кемінде бес орын болған жағдайда, конкурс тәсілімен өткізілетін лотта тауарды беретін бірнеше орынды көрсетуге жол беріледі. Біртекті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бірнеше түрін конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы осы баптың 2-тармағының талаптарын ескере отырып, конкурстық құжаттамада тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді олардың біртекті түрлері және (немесе) беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті. Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау, конкурсқа қатысушылардың конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру, сондай-ақ конкурс жеңімпазын айқындау конкурстық құжаттамада көзделген әрбір лот бойынша жүзеге асырылады. Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау қорытындысы бойынша біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келеді деп айқындалған әлеуетті өнім берушілер конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысады. Біліктілікті алдын ала іріктеумен жүргізілетін конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға білікті әлеуетті өнім берушілер тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер қатысады.

Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарлама

Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманың жобасы бекітілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік сатып алу веб-порталында конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландыру мәтінін орналастыруға міндетті. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қайтадан жүзеге асырылған жағдайда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурсқа қатысуға өтінімдер ұсынудың соңғы күніне дейін кемінде күнтізбелік он күн бұрын мемлекеттік сатып алу веб-порталында өткізілмеген конкурстың конкурстық құжаттамасының өзгермеуі шартымен, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан жүзеге асыру туралы хабарландырудың мәтінін орналастыруға міндетті. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан жүзеге асырған және конкурстық құжаттамаға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда, мемлекеттік сатып алу осы Заңның 22-бабының талаптары ескеріле отырып, осы баптың 1-тармағына сәйкес өткізіледі.

Конкурсқа қатысуға өтінім

Конкурсқа қатысуға өтінім әлеуетті өнім берушінің конкурстық құжаттамада белгіленген талаптарға және шарттарға келісім білдіру түрі, сондай-ақ әлеуетті өнім берушінің біліктілік талаптары мен осы Заңның 6-бабында белгіленген шектеулерге сәйкестігін растайтын, өзі туралы мәліметтер алуға келісім білдіру түрі болып табылады. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімді мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы электрондық құжат нысанында конкурстық құжаттамада көрсетілген, өтінімді ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін береді.

Конкурсқа қатысуға өтінім әлеуетті өнім берушінің:
1) осы Заңның 6-бабында көзделген шектеулерді бұзушылықтардың болмағандығы туралы;
2) өзінің және тапсырыс берушінің не мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының арасында осы Заңда тыйым салынған қарым-қатынастардың болмағандығы туралы;
3) осы Заңның 43-бабының 19-тармағында көрсетілген фактілер анықталған жағдайда, мемлекеттік сатып алу туралы шартты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен бұзуға келісуі туралы растауды қамтуға тиіс.


Конкурстық баға ұсынысы, сондай-ақ конкурсқа қатысуға өтінімде қамтылуға тиіс құжаттар мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

Әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға өтінімі мынадай:
1) әлеуетті өнім беруші осы конкурсқа қатысуға бұрын өтінім берген;
2) конкурсқа қатысуға өтінім мемлекеттік сатып алу веб-порталына осы конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткеннен кейін келіп түскен;
3) конкурстық баға ұсынысы осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген сомадан асып түскен;
4) осы Заңның 6-бабы 1-тармағының 3), 4), 5), 6) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда, мемлекеттік сатып алу веб-порталы оны автоматты түрде қабылдамауға тиіс.

Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімдер ұсыну мерзімінің аяқталуынан кешіктірмей:
1) конкурсқа қатысуға енгізілген өтінімді өзгертуге және (немесе) толықтыруға;
2) конкурсқа қатысуға өзі енгізген өтінімді қамтамасыз етуді қайтарып алу құқығын жоғалтпастан, өзінің конкурсқа қатысуға өтінімін қайтарып алуға құқылы.

 

Конкурсқа қатысуға өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі өткеннен кейін конкурсқа қатысуға өтінімге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге, сол сияқты оны қайтарып алуға жол берілмейді. Конкурсқа қатысуға өтінімнің қолданылу мерзімі конкурстық құжаттамада белгіленген талап етілетін мерзімге сәйкес келуге тиіс. Конкурсқа қатысуға өтінім берген әлеуетті өнім берушілерге өтінімдерді ашу хаттамасы орналастырылған кезден бастап басқа да әлеуетті өнім берушілердің осы конкурсқа қатысуға берген өтінімдерін көруге қол жеткізу қамтамасыз етіледі.


Конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз ету

Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді өзі:
1) конкурс жеңімпазы деп айқындалған жағдайда, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасатындығының;
2) мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасқан жағдайда, конкурстық құжаттамада белгіленген мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу және (немесе) оны енгізу мерзімдері туралы талаптарды тиісті түрде орындайтындығының кепілі ретінде енгізеді.


Конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз ету мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген соманың бір пайызы мөлшерінде енгізіледі. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етудің мынадай түрлерінің біреуін:

1) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының банк шотына не мемлекеттік органдар және мемлекеттік мекемелер болып табылатын мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар үшін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген шотқа енгізілетін кепілді ақшалай жарнаны;
2) қағаз жеткізгіштегі не электрондық құжат нысанындағы банк кепілдігін таңдауға құқылы.

Әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға өтінімнің қолданылу мерзімі өткенге дейін, енгізілген кепілдікті ақшалай жарнаға тұтастай не оның бір бөлігін талап ету құқығы үшінші тұлғаларда туындауына алып келетін әрекеттер жасауына жол берілмейді. Осы баптың 4 және 5-тармақтарында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының әлеуетті өнім беруші енгізген кепілдікті ақшалай жарнаны пайдалануына жол берілмейді.

Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мынадай жағдайлардың бірі басталған кезде:
1) конкурс жеңімпазы деп айқындалған не екінші орын алған әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған;
2) конкурс жеңімпазы не екінші орын алған әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасаса отырып, конкурстық құжаттамада белгіленген мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу және (немесе) енгізу мерзімдері туралы талаптарды орындамаған не тиісті түрде орындамаған, оның ішінде уақтылы орындамаған жағдайларда, конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді әлеуетті өнім берушіге қайтармайды.
Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайлардың бірі басталған кезде конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз ету сомасы тиісті бюджет, мемлекеттік кәсіпорын, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар немесе олармен үлестес заңды тұлғалар кірісінің есебіне жатқызылады.
Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мынадай жағдайлардың бірі басталған күннен бастап:
1) осы әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімдер ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін өзінің конкурсқа қатысуға өтінімін қайтарып алған;
2) конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттамаға қол қойылған жағдайда, үш жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім беруші енгізген конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді өзіне қайтарады. Көрсетілген жағдай конкурс жеңімпазы деп айқындалған конкурсқа қатысушыға қолданылмайды;
3) мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енген және конкурс жеңімпазы конкурстық құжаттамада көзделген, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізген жағдайда, үш жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім беруші енгізген конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді өзіне қайтарады.


Білікті әлеуетті өнім берушілер тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім беруші біліктілікті алдын ала іріктеумен жүргізілетін конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді енгізбейді.