Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың негіздері

Егер біртекті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құндық мәндегі жылдық көлемі республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің төрт мың еселенген мөлшерінен аспаса, осындай біртекті тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға ұсыныстарын сұрату тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алу жүргізіледі, бұл ретте баға шешуші шарт болып табылады. Бiртектi тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң бiрнеше түрiне баға ұсыныстарын сұрату тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру кезiнде, мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi олардың бiртектi түрлері бойынша және (немесе) оларды беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлуге мiндеттi.

Бiртектi тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi баға ұсыныстарын сұрату тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру кезiнде, мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi оларды беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлуге мiндеттi. Осы тармақта көзделген жағдайларда, баға ұсыныстарын сұрату тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алудың жеңiмпазын айқындау әрбiр лот бойынша жүзеге асырылады. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілін қолдану мақсатында біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алудың жылдық көлемін қаржы жылы ішінде олардың бірінің мөлшері осы баптың 1-тармағында көзделгеннен кем болатын бөліктерге бөлшектеуге жол берілмейді.

Берілуі (орындалуы, көрсетілуі) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес рұқсат алуды немесе хабарлама жіберуді талап ететін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға тыйым салынады.

Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу

Мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы баға ұсыныстарын ұсыну мерзiмi аяқталғанға дейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей мемлекеттік сатып алу веб-порталында қазақ және орыс тілдерінде мынадай ақпаратты:
1) мемлекеттiк сатып алу үшiн бөлiнген сомаларды көрсете отырып, өткізiлетiн мемлекеттiк сатып алудың нысанасы болып табылатын тауарлардың саны, орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң көлемi туралы;
2) сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің қысқаша сипаттамасын орналастыруға міндетті. Бұл ретте сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің қысқаша сипаттамасы Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға қайшы келмеуге тиіс;
3) тауарды беру, жұмыстарды орындау, қызметтердi көрсету орнын;
4) тауарды берудiң, жұмыстарды орындаудың, қызметтердi көрсетудiң талап етiлетiн мерзiмдерiн;
5) әлеуетті өнім берушілердiң баға ұсыныстарын ұсынуды бастау және аяқтау мерзiмi туралы;
6) техникалық өзіндік ерекшелігін көрсете отырып, мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың жобасын орналастыруға міндетті.


Осы баптың 1-тармағында көзделген, орналастырылатын ақпаратта тауар белгілеріне, қызмет көрсету белгілеріне, фирмалық атауларына, патенттерге, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге, тауардың шығарылған жерінің атауына және өндірушінің атауына, сондай-ақ сатып алынатын тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің жекелеген әлеуетті өнім берушіге тиесiлiгiн айқындайтын өзге де сипаттамаларға нұсқаулардың болуына жол берілмейді, оған мемлекеттік сатып алуды мынадай:
1) негізгі (орнатылған) жабдықтарды, сондай-ақ орнатылған бағдарламалық қамтамасыз етуді (лицензиялық бағдарламалық қамтылымды) қосымша жинақтау, жаңғырту және қосымша жарақтау үшін;
2) тауарды лизингке беру бойынша көрсетілетін қызметтерді берушіні айқындау үшін және лизингтің нысанасын егжей-тегжейлі сипаттау қажеттігі туындағанда;
3) тапсырыс берушінің қолында бар тауарды жөндеу және (немесе) оған техникалық қызмет көрсету үшін жүзеге асыру жағдайлары қосылмайды.

Әлеуетті өнім беруші өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге жол берілмейтін, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген мәліметтер қамтылған бір ғана баға ұсынысын ұсынуға құқылы. Әлеуетті өнім берушінiң баға ұсынысын беруі оның мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жобасында көзделген талаптарды сақтай отырып, тауарды берудi, жұмыстарды орындауды, қызметтер көрсетудi жүзеге асыруға келiсiм бiлдiру нысаны болып табылады. Баға ұсыныстарын ұсыну мерзімі өткеннен кейін мемлекеттік сатып алу веб-порталы автоматты түрде баға ұсыныстарын салыстыруды және баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысын шығаруды жүргізеді.

Ең төмен баға ұсынысын ұсынған әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп танылады. Егер ең төмен баға ұсынысын бірнеше әлеуетті өнім беруші ұсынған болса, баға ұсынысы басқа әлеуетті өнім берушілердің баға ұсыныстарынан бұрынырақ келіп түскен әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп танылады. Екінші орын алған әлеуетті өнім беруші ең төмен баға ұсынысынан кейінгі баға негізінде айқындалады. Осы Заңның 45-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мен әлеуетті өнім берушінің арасында мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы не мемлекеттік сатып алу веб-порталы қолданылмай өзге де тәсілдермен оның баға ұсынысына қатысты келіссөздер жүргізуге жол берілмейді. Егер баға ұсыныстарын ұсыну мерзімі ішінде әлеуетті өнім берушінің бір ғана баға ұсынысы ұсынылған болса, мемлекеттік сатып алу веб-порталы мұндай мемлекеттік сатып алуды автоматты түрде өткізілмеді деп таниды және мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы осы әлеуетті өнім берушіден бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады. Бұл ретте мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарттың бағасы әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысынан аспауға тиіс. Егер баға ұсыныстарын ұсыну мерзімі ішінде әлеуетті өнім берушілердің бірде-бір баға ұсынысы ұсынылмаса, мемлекеттік сатып алу веб-порталы мұндай мемлекеттік сатып алуды автоматты түрде өткізілмеді деп таниды және мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан жүзеге асырады.

Әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысы:
1) егер ол осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген сомадан асып түскен;
2) осы Заңның 6-бабы 1-тармағының 3), 4), 5), 6) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда, мемлекеттік сатып алу веб-порталы автоматты түрде қабылдамайды.

Өзге де негіздер бойынша баға ұсыныстарын қабылдамауға жол берілмейді. Егер осы баптың 9-тармағында көзделген негіздер бойынша баға ұсыныстарын мемлекеттік сатып алудың веб-порталы автоматты түрде қабылдамағаннан кейін әлеуетті өнім берушілердің екеуден аз баға ұсынысы қалған болса, онда мұндай мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылады және мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан жүзеге асырады. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы мемлекеттік сатып алу веб-порталында олар шығарылғаннан кейін автоматты түрде орналастырылады.